Жазылған деректер шындыққа сай келмейді

    Жерлесіміз Болат Кенішбаев Рахымұлының өткен жылы аудандық «Ұлан таңы» газетінің №47 санында « Ұлан батырдың есімі елдің есінде» мақаласын оқып, өз пікірімді оқырмандарға білдіргім келді. Себебі, ондағы кейбір деректер шындыққа жанаспайды. 
     Мен Болаттың әкесі Рахым ағаны 1958 жылдан жақсы білемін екеуіміз дос болдық.  Ол кезде мен Аблакетка селхозтехникумын бітіріп, Амангелді колхозына тың игеруші болып, комсомолдың жолдамасымен  келген едім.  Онда мал шаруашылығында бригадаға қарадым. Рахым аға менде ағаш шебері болып, әр салада жұмыс  істеді. Менің жұбайым Шамзада Манабайқызы пошта бөлімшесінің бастығы болды. Рахым аға пошташы болып, істеді. Пошта бастығы, мектеп директоры болып Рахым аға істеген емес. Тек мектептен  қол еңбегі пәнін енгізгенде бір жарым жылдай еңбек сабағынан дәріс бергені рас. Ол кезде мектеп директоры Ғани Камалиев болған. Болат Рахымұлы жазғандай әкесі Рахым аға партия мектебінде оқыған емес. Әке-шешем үш тілді меңгерген адам депті. Әкесі аздап орыс тілін білетін, ал анасы қазақ тілінен басқа тілді меңгерген жоқ.  Осы айтқанымды марқұмдар кешірер, өте жақсы адамдар болатын.
 Ал, Әлхан-би, Бөрте Мамай батырдың ұрпағы екені рас.Өңірдің ардақты ақылшысы еді.  Аға сұлтан  Әділхан би болған. «Әділхан сайы» деген көрікті жер әлі де бар.  Бірақ Әділхан қорғаны болған  емес.  Ол атамыз туралы Асымбаев Самархан атамыз айтып отыратын. Оңтүстікте  қазақтың атақты үш биі бас қосатын «Күлтөбе» деген жерге  салт атпен   үш бидің өсиеттерін, жер дауын шешетін жерін көру үшін барған екен. Ал Болат айтқандай Алихан би соғысқа қатысты деген деректерді тарихтан естімедік. 
 Қазақстанда жастарды зорлықпен қой бақтырып жұмсады дегені ақылға сыймайды. Ол замандаҮкіметтің қаулысымен қой шаруашылығына жастар  өз еріктерімен  барып, қойдың төлін алып, еңбек еткен. 
    «Күшбірлік» қойшы бригадасы болды. Оны комсомол мүшесі Тілеген Қыдырхан басқарды. Жастардан құралған бригада көпшілікке үлгі болды.  Бұл туралы 1984 жылы «Қазақстан әйелдер» журналына ауқымды мақала жарияланды.  Никитинка кеңшары Алғабас  бөлімшесін басқарған  Жаңабай Әшімовтың Айгүл есімді қызға жаңа «Беларусь» тракторын бергені туралы да мақала жарық көрді.  Ал, Болат бауырым болса үкіметке емес, Қазақстанды билеген Дінмұхамед Қонаевқа тіл тигізгендей болды.   Мал дәрігері болған Жігер Құсайыновты жақтағаның дұрыс емес. Ол өзінің моралдық қасиеттерін бағаламаған жігіт. Комсомол жастар  бригадасына  совхоз, партия, кәсіподақ ұйымдары  барлық жағдайды жасады. Кітапхана, монша, жататын орын барлығы да болды.  Жастар бұл бригадаға кіруге құштар болды.Бригадаға мал дәрігері болып Какен Жұмабаев, зоотехник мамандығы бойынша Сансызбай Асқаров сияқты комсомол жастары келсе, ветсанитар қызметіне Жұмабай Оразаев келді. Комсомол бөлімшесінің жетекшісі Тілеген Қыдырханов  болған.
     Ауылдың жастары еңбекке ерте араласып, үлкен жетістіктерге жетіп, экономикамыздың дамуына үлестерін қосты. 
Осы тұста айта кетейін 1959 жылдары сауыншылар бригадасын ұйымдастырдық, Оны «Алтыатан»- деп атадық.  Бұл бригада да халық арасында үлкен қолдау тапты.Осы бригадаға басшылық жасаған партия мүшесі Баймұхамет Абиев, ферма меңгерушісі Ұғыбай Мұқашев еді. Екеуі де марқұм болып кетті. Ал мен комсорг болдым. Қазір бригада мүшелерінен Маруа Абаев мен Нүрзия Байғалиева ғана бар.
Болат Рахымұлының алдыңғы буын ағаларына алғыс айтқаны орынды, оны құптаймын.   Бірақ кіндік қаны тамған туған жері Баяш Өтепов ауылынның келешегі жоқ дегені өте ұят. Осы ауылдың егіндігі 3330 гектар еді оны  Қараөзекке берді дегені бекер.  
     Болат  маған сын айтты деп өкпелемес. Шет жерде жүргендіктен барлығы ойға келе бермейді, оны да түсінеміз. Өткен жылы Ұлан ауданының 90 жылдық мерейтойына арнаған баяндамасымен таныстым. Баяндамадағы кейбір деректер шындыққа сай келмейді. Сондықтан дәлелсіз ақпараттарды жарыққа шығарып, жария етудің қажеті аз. 
Қасенжар ЕСКЕНДІРОВ,
еңбек ардагері
Қасым Қайсенов кенті

Категории: