Дарынды жастарға жол ашық

   Эльмира АХМЕТОВА

   Тарихы тереңге тартқан Ұлан өңірінде талантты да дарынды жастар баршылық. Бозанбай ауылындағы Сағидолла Мұқашев атындағы Мәдениет үйінде «Жалын» ақындар үйірмесінің жетекшісі Нөсерхан Қабиқанұлы  талантты жастарды  шығармашылыққа баулып, әдеби-мәдени бағыттағы білімдерін көтеріп, халқымыздың рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып, үлкен жетістіктерге жетіп келеді.

       Нөсерхан Қабиқанұлы 1970 жылы ҚХР, Шуар, Алтай аймағы Сарықусын ауылында дүниеге келген.  Білімге жаны құштар өнер иесі 1989-1991 жылдар аралығында Іле қазақ облыстық қазақ тіл-әдебиеті кәсібін бітірген. Алтай қалалық, аймақтық айтыстарға бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Нөсерхан Қабиқанұлының «Алтай» газеті, «Алтай аясы», «Түркістан» газеті, «Үшқоңыр» газеті, «Ара» журналдарында өлеңдері жарияланған. Шинжаң қазақ радиосында «Ақ құстар», «Алпыс екі қоңыр» дастаны оқылған.
Еліміз егемендік алған соң 2009 жылы Ұлан ауданына қоныс аударып келді.  Елім деп атамекенге келгеннен кейін Бозанбай ауылындағы талантты, дарынды жастардың басын қосып, Мәдениет үйінен «Жалын» ақындар үйірмесін ашып, 2015 жылдан 2018 жылға дейін еңбекақысыз жас ақындар тәрбиелеуге атсалысып қызмет істеп келді. Үйірмеде 14 шәкірті бар. Үш жылдың ішінде шәкірттері Халықаралық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болып, ауданның атын шығарып, намысты қолдан бермей келеді.   
Нөсерханның жетекшілігіндегі жас ақындардан 2017 жылғы Алматыда бүкіләлемдік қысқы универсиадаға «Мен спортты жақсы көремін» номинациясының жүлдегері Ажар Нұрқуанышқызы, Мадина Серікбекқызы және Мейрамбек Бақытханұлы, Айхат Қуанышбайұлы, Шуақ Нөсерханұлы аудандық, обылыстық  жас ақындар айтысында жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Осындай талантты жастарға, үйірменің жетекшісі Нөсерхан Қабиханұлына   Бозанбай орта мектебінің директоры Ардақ Бұхатова, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімдері Бақыт Амангүл, Сандуғаш Шағдан және Мадениет үйінің директоры Руслан Мұратханұлы  үнемі қолдау көрсетіп, көмек қолдарын созып жөн сілтеп отырады.
Баса айтылса ұстаз деген ұлы ұғым,
Қоса айтылар шәкірт деген бір ұғым,
Ұстаз атын әйгілейтін әлемге
Шәкірт деген тұлпар болар құлының-  деп ақын Нөсерханның өзі жырлағандай, жас ұрпақтардан жалындап ақын шыға беруіне, шығармашылық жолында аянбай әлі де еңбек   ете беруіне тілектеспіз. 
  

 

Категории: