Наурыз мейрамын өзге ұлттар да тойлайды

   Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Ұлан өңірінде сан алуан ұлттың өкілдері тұрады. Бір атаның баласындай болып кеткен жұрттың қуаныштары да, той-томалақтары да ортақ. Мұндай тату сыйластық ынтымақты ұйыстырып, бірлікті жарастырған ұлттар достығы - Наурыз мерекесі кезінде тіптен жарасымды көрініс табуда. 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күнін өзге ұлт өкілдері қалай қарсы алатыны туралы сауалнама  жүргізген едік.

  Сирожиддин Гульбоев,
 тәжік ұлтының өкілі

      Мерекелердің ішіндегі ең мерейлі күн – Әз Наурыз құтты болсын. Бұл – халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, бауырластықты одан әрі дамытуға, түрлі ұлт пен ұлыстар қоныстанған  халықтардың  салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына  үлкен үлесін қосады. Бұл туралы Президентіміз «Дін  мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысты ұйыстыра түсті.  Бүгінде ол  еліміздегі ең үлкен мереке» – деген болатын. Бүгінде бұл күн жалпыхалықтық сүйікті мерекеге айналды. Наурыз мерекесі – Қазақстандағы ұлттардың бірлігін нығайта түседі. 
Тәжік ұлты да Наурыз мерекесін ерекше қарсы алады.  Мерекенің басты тағамы – кәуап және дәндерден қосып жасалған тәтті палау. Дәстүрлі түрде палауды ерлер дайындайды. Тәжіктерде Наурыздың басты символы – от. Яғни, жаңару мен емдік қасиеті бар деп сеніп, отқа байланысты көріністер қойып, көрсетілімдер орын алады.
    “Навруз” деп атайтын Тәжікстан тұрғындары мереке күндері бір-бірімен ерекше түрде сәлемдеседі: “Наврузотан пируз бод!” немесе “Навруз муборак бод!” (“Наурыз мейрамы құтты болсын!”).
Тәжіктер «Наурыз» сөзін «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи»,   деп түрліше атаған. Сәйкесінше әр елдің мерекені тойлауда да өз ерекшелігі бар. Жалпы, Наурыз мерекесін тойлаудың тарихы тереңде.
 Мен өзім Тәжікстаннан Герасимовка ауылына қоныс аударып келдім. Бүгінде  жеміс-жидек сатып, кәсібімнен нәсіп тауып отырмын. 
  Көктемнің шуақты күнінде келген жылдың басы наурыз мерекесін отбасыммен бірге, дастарханымызды жайып, наурыз көжемізді пісіріп, қарсы аламыз.  
Герасимовка ауылында өтетін Наурыз мерекесіне де қатысып, мерекелік концертті тамашалаймыз. Халықтың ертедегі сеніміне сәйкес, бұл мерекені неғұрлым жомарттықпен атап өтсең, алдағы жылы солғұрлым  береке мен молшылық болады. Сондықтан да, әз Наурызбен бірге есік ашқалы тұрған Жаңа жылда әрбір шаңырақта шаттық орнап, берекелі дастархан жиылмасын, ынтымағы жарасқан отбасын барлық сәтсіздік айналып өтсін. Доңыз жылы баршаңызға зор денсаулық, бақыт, байлық пен береке әкелсін деп тілеймін! Осындай мерекелі, берекелі, ізгілікке толы  күнде  баршаңызға  жақсылық тілеймін. Бойымыздан ешқашан да  адалдық, сыйластық, байсалдылық, татулық, мейірім мен түсіністік сынды жақұт қасиеттер жоғалмасын.

Таис ТАЙСҰЛТАНОВА,

шешен ұлтының өкілі

    Қазақ елі - қай кезде де сан ұлтқа саялы мекен болған. Оның ішінде Ұлан өңірі  - қазақы үрдістің қаймағы бұзылмаған қасиетті, құтты өңір. Тілі мен діні басқа болғанымен, жүрегі, тілегі бір жандар мұны мақтан етеді. Адамдардың арасын бұрынғыдан да жақындастыра түсетін бүгінгі Наурыз мерекесі күні соның барлығын кез-келген ұлттың өкілі ортақ рухани қазына ретінде ерекше ықыласпен айтады. 
    Бұл мейрамды тек мұсылмандар ғана емес, барлық ұлт өкілдері ортақ ұлттық мейрам ретінде атап өтеді. Мен Наурызды халық¬тар достығының мейрамы деп айтар едім!  Олай дейтінім барлық халықты бір мақсат, бір болашақ жолында біріктіреді. Осы елде өмір сүріп жатқан соң, өзге ұлт өкілдерінің де тағдыры Қазақстанның өркендеуімен тікелей байланысты. «Әз болмай, мәз болмайды» деген екен дана халқымыз. Шын мәнінде, Наурыз – бұл күн мен түннің теңеліп, бар тіршіліктің тірілетін кезімен тұспалдасып жатқан мереке. Сондықтан да болар өз басым Наурыз мерекесін өзге мерекелерден ерекше, жоғары бағалаймын.
Ұлтым шешен. Ново-Одесское ауылында тұрамын. Саратовка ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман болып қызмет етіп келемін.  Ата-әжеміз отбасымен бірге 1944 жылы Шешенстаннан қоныс аударған. Мен Қазақстанда дүниеге келдім. Болашағымды Қазақстанмен байланыстырғаныма қуаныштымын.     
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін әріптестеріммен, достарыммен  бірге қарсы аламын. Әкімшілікте жыл сайын өтетін наурызда ерекше дайындық жасаймыз. Ұлыстың Ұлы күнінде мерекелік дастарханымызды жайып, наурыз көже пісіріп, мерекелік шаралар ұйымдастырып, қазақтың  ұлттық киімдерін киіп, барынша көңілді өткізуге тырысамыз.         
      Қазақпен бірге ұлан-асыр той тойлап жатқан өзге ұлт өкілдері өздерін бақытты санайды.  
Бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мейрамы Отанымызға береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық әкелсін.

                                                                                                                                                                                                                                Эльмира АХМЕТОВА

Категории: